Preview

Теориялық және клиникалық медицинаның өзекті мәселелері

Кеңейтілген іздеу
№ 2 (2026)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

БІРТУМА ЗЕРТТЕУЛЕР

30
Аңдатпа

Өзектілігі. Сүт безі обыры ісіктердің биологиялық әртүрлілігіне байланысты клиникалық ағымы мен нәтижелерінің айқын айырмашылықтарымен сипатталады. Рецепторлық статус пен Ki-67 пролиферация индексін қоса алғанда, молекулалық-биологиялық маркерлер аурудың болжамын анықтауда маңызды рөл атқарады, алайда олардың маңыздылығы популяциялық ерекшеліктерге байланысты өзгеруі мүмкін.            

Мақсаты: Сүт безі обыры бар пациенттерде бір факторлы талдау нәтижелері негізінде өлім қаупін стратификациялау кезінде рецепторлық статустың (ER, PR, HER2) және Ki-67 пролиферация индексінің болжамдық маңызын бағалау.

Материалдар мен әдістер. 2018–2022 жылдары Алматы қаласының онкологиялық тіркелімі деректері бойынша тіркелген бастапқы сүт безі обыры бар 729 пациенттен тұратын когортаға ретроспективті талдау жүргізілді. Соңғы нүкте ретінде өлім жағдайы алынды. Статистикалық талдау χ² критерийін, логистикалық регрессияны және ROC-талдауды қамтыды.

Нәтижелері. ER және PR статусы өлім қаупімен статистикалық тұрғыдан маңызды байланыс көрсетті (p < 0,001): рецепторлық статустың теріс болуы өлім қаупінің жоғарылауымен байланысты болды. Логистикалық регрессия нәтижесінде ER (Exp(B) = 0,883) және PR (Exp(B) = 0,424) экспрессиясының протективті әсері анықталды. ROC-талдау ER (AUC = 0,614) және PR (AUC = 0,622) көрсеткіштерінің орташа дискриминациялық қабілетін көрсетті. HER2 статусы өліммен статистикалық маңызды байланыс көрсеткен жоқ (p = 0,531). Ki-67 индексі өлім қаупінің жоғарылауымен елеулі түрде байланысты болды (әрбір 1% жоғарылауға Exp(B) = 1,015; p < 0,001), болжамдық дәлдігі орташа деңгейде болды (AUC = 0,606). Интегралды молекулалық-биологиялық фенотип те нәтижемен статистикалық маңызды байланыс көрсетті (p < 0,001): ең қолайлы болжам люминалды А қосалқы типінде байқалса, үштік теріс фенотип ең қолайсыз нәтижелермен байланысты болды.

Қорытынды. ER және PR рецепторлық статусы, сондай-ақ Ki-67 индексі сүт безі обыры кезіндегі өлім қаупінің маңызды болжамдық факторлары болып табылады. Осы когортада HER2 статусы болжамдық маңыздылық көрсеткен жоқ.

29
Аңдатпа

Өзектілігі. Әдетте вирустық немесе алкогольмен байланысты бауыр циррозы аясында әдетте дамитын қақпалы венадағы тұрақты жоғары қысымның салдарынан өңештің төменгі бөлігінде шырышты веналық өрімді кеңейту есебінен варикозды кеңейтілген веналар қалыптасады. Өңештің варикозды кеңейтілген тамырларынан жіті қан кету өмірге қауіп төндіретін жағдай болып табылады және қазіргі гастроэнтерология мен хирургияның өзекті проблемаларының бірі болып қала береді.

Зерттеу мақсаты. Ауруханаға жатқызу нәтижелерін бағалай отырып, бауыр циррозынан туындаған өңеш қан кетулері бар пациенттердің клиникалық-демографиялық, зертханалық және эндоскопиялық сипаттамасын жүргізу.

Материалдар мен әдістер. Порталдық гипертензиясы және өңештен қан кету белгілері бар 158 пациенттің клиникалық-демографиялық деректеріне талдау жүргізілді. Демографиялық көрсеткіштер, бауыр циррозының этиологиясы, Чайлд-Пью бойынша ауырлық дәрежесі, MELD көрсеткіші, қан жоғалту дәрежесі, қабылдау кезінде белсенді қан кетудің болуы, зертханалық көрсеткіштер, варикозды тамырлардың эндоскопиялық сипаттамалары және ауруханаға жатқызу нәтижесі бағаланды.

Нәтижелер. Өңештен қан кету әйелдерге қарағанда ерлерде жиі кездесетіні анықталды, жағдайлардың 90 %- дан астамы 40 жастан асқан науқастарда байқалды. 63,9 %жағдайда варикозды тамырлар өңештің төменгі үштен бір бөлігінде локализацияланған және пациенттердің 75,3 %-. қан жоғалтудың ауыр дәрежесі тіркелген.

Қорытындылар. Нәтижелер болжамды анықтау және емдеудің оңтайлы тактикасын таңдау үшін маңызды практикалық мәнге ие.

51
Аңдатпа

Өзектілігі. Аяқ-қолдарға қауіп төндіретін созылмалы ишемия – перифериялық артерия ауруының  ең ауыр түрі, ампутация мен өлім-жітім қаупімен сипатталады. Пациенттерді оқытудың құрылымдалған бағдарламалары басқа созылмалы аурулар кезінде тиімділігін дәлелдеді, алайда перифериялық артерия ауруы, әсіресе Аяқ-қолдарға қауіп төндіретін созылмалы ишемиясы кезіндегі деректер жеткіліксіз.

Мақсаты. Перифериялық артерия ауруы бар науқастарда стандартты еммен салыстырғандағы мультимодальды білім беру бағдарламасының (CLTI мектебі) клиникалық нәтижелерге және өмір сапасына тиімділігін бағалау.

Материалдар мен әдістер. Параллель топтармен рандомизацияланған бақыланатын зерттеу (Астана, Қазақстан). Перифериялық артерия ауруы бар 184 науқас (Рузерфорд 2-5) 1:1 қатынасында рандомизацияланды, 12 ай бойы бақыланды. Бағдарлама топтық сабақтарды, цифрлық платформаны, қолдау топтарын және темекіні тастауға кеңесті қамтыды. Протокол бойынша талдауда 81 эксперименттік және 78 бақылау тобының қатысушысы зерттелді. Негізгі нәтижелер: өмір сапасы (SF-12) және ауруханаға жатқызу жиілігі.

Нәтижелері. 12 айдан кейін эксперименттік топта SF-12 физикалық (44,76 қарсы 35,08; p < 0,001) және психикалық компоненттері (43,42 қарсы 35,90; p < 0,001) айтарлықтай жоғары болды. Ауруханаға жатқызулар (14,8 % қарсы 20,5 %; p = 0,346) және ампутациялар (4,9 % қарсы 7,7 %; p = 0,476) санмен алғанда аз болды, бірақ статистикалық маңыздылыққа жеткен жоқ. Темекіні тастау үш есе жоғары болды (25,0 % қарсы 8,5 %; p = 0,026), ауырсыну азайды (медиана ВАШ 3 қарсы 5; p < 0,001), QALY жоғары болды (0,67 қарсы 0,60; p < 0,001).

Қорытынды. CLTI мектебі перифериялық артерия ауруы бар науқастарда пациент-хабарланған нәтижелерді және темекіні тастауды айтарлықтай жақсартты. Құрылымдалған білім беру бағдарламалары перифериялық артерия ауруының кешенді бақылауының міндетті компоненті ретінде қарастырылуы керек.

26
Аңдатпа

Кіріспе. Жабысқақ жіңішке ішек өтімсіздігі шұғыл хирургияда жиі кездесетін аурулардың бірі болып табылады, жоғары сырқаттанушылықпен сипатталады және көп жағдайда хирургиялық емдеуді қажет етеді. Көппортты лапароскопия кеңінен қолданылғанымен, жабысқақ жіңішке ішек өтімсіздігін емдеуде бірпортты лапароскопиялық хирургияның (Single-Port Laparoscopic Surgery, SPLS) қауіпсіздігі мен техникалық орындалу мүмкіндігі туралы дәлелдер әлі де шектеулі.

Мақсаты. Жабысқақ жіңішке ішек өтімсіздігін емдеуде бірпортты лапароскопиялық хирургияның техникалық орындалу мүмкіндігін, қауіпсіздігін және периоперациялық нәтижелерін бағалау.

Материалдар мен әдістер. 2018 жылғы сәуір мен 2025 жылғы қазан аралығында жабысқақ жіңішке ішек өтімсіздігі бар 91 науқасты қамтыған ретроспективті, көпорталықты, бір топты бақылаулық зерттеу жүргізілді. Барлық науқастарға бір тәжірибелі хирург бірпортты лапароскопиялық әдіспен операция жасады. Зерттеу барысында операцияның ұзақтығы, операция кезіндегі қан жоғалту көлемі, интраоперациялық және операциядан кейінгі асқынулар, хирургиялық тілік ұзындығы және стационарда болу ұзақтығы бағаланды.

Нәтижелері. Зерттеуге енгізілген барлық 91 науқаста операция бірпортты лапароскопиялық әдіспен сәтті аяқталды, көппортты лапароскопияға немесе ашық операцияға ауысу (конверсия) қажет болған жоқ. Операциядан кейінгі асқынулар 5 науқаста анықталды, бұл 5,5 %-ды құрады (95 % сенімділік аралығы: 1,8–12,4). Қолайлы нәтижелердің алынуы мұқият іріктелген пациенттер мен хирургтың жоғары тәжірибесіне байланысты болуы ықтимал. Алынған нәтижелер тәжірибелі хирург орындаған жағдайда SPLS жабысқақ жіңішке ішек өтімсіздігі бар мұқият таңдалған пациенттер үшін тиімді аз инвазиялық әдіс болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қорытынды. Бірпортты лапароскопиялық хирургия жабысқақ жіңішке ішек өтімсіздігі бар мұқият іріктелген пациенттерді емдеуде техникалық тұрғыдан орындалатын және әлеуетті қауіпсіз әдіс болып табылады. Алайда оның дәстүрлі көппортты лапароскопиямен және ашық хирургиялық тәсілмен салыстырғандағы тиімділігі мен артықшылықтарын нақтылау үшін үлкенірек іріктемемен жүргізілетін проспективті салыстырмалы зерттеулер қажет.

25
Аңдатпа

Өзектілігі. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бүкіл әлемде қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды мәселелерінің бірі болып қала береді және аурушаңдықтың өсуімен және өлім-жітімнің жоғары деңгейімен сипатталады. COVID-19 және пост-COVID-19 кезеңдерімен байланысты эпидемиологиялық үрдістер мен өзгерістерді зерттеу денсаулық сақтау стратегияларын оңтайландыру үшін маңызды.

Мақсаты. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы созылмалы жүрек жеткіліксіздігінен болатын аурушаңдық пен өлім-жітімнің COVID-19-ға дейінгі және COVID-19/ COVID-19-дан кейінгі кезеңдердегі динамикасын талдау, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі болжамдық үрдістерді бағалау.

Материалдар мен әдістер. 2012-2025 жылдардағы ресми статистикалық деректер негізінде ретроспективті сипаттамалық-талдамалық зерттеу жүргізілді. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігінен болатын аурушаңдық пен өлім-жітім көрсеткіштері жалпы популяцияда және жынысы бойынша талданды. Зерттеу кезеңі COVID-19-ға дейінгі (2012-2019 жж.) және COVID-19/COVID-19-дан кейінгі (2020-2025 жж.) кезеңдерге бөлінді. Абсолюттік және салыстырмалы өзгерістер есептеліп, уақыттық қатарларға талдау жүргізілді. Болжау сызықтық регрессия және ARIMA (0,0,0) модельдері арқылы жүзеге асырылды.

Нәтижелері. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің аурушаңдығы екі өңірде де артты. Алматы қаласында аурушаңдық көрсеткіші 100 000 халыққа шаққанда 1217,3-тен 1552,2-ге дейін (+27,5 %) өсті, ал Алматы облысында 100 000 халыққа шаққанда 145,7-ден 755,1-ге дейін (+418,4 %) артты. Ең жоғары өсім 2019 жылдан кейін байқалды. Аурушаңдық екі жыныста да артты, алайда ер адамдар арасында өсу қарқыны жоғары болды. Зерттеу кезеңінде өлім-жітім екі өңірде де төмендеді. COVID-19-ға дейінгі кезең мен COVID-19/пост-COVID-19 кезеңдерін салыстыру екі өңірде де аурушаңдық көрсеткіштерінің жоғарылағанын, ал өлім-жітімнің орташа көрсеткіштерінің төмендегенін көрсетті. Болжам нәтижелері 2030 жылға дейін аурушаңдықтың одан әрі өсуін, ал өлім-жітім деңгейінің салыстырмалы түрде тұрақты немесе біртіндеп төмендеуін көрсетеді.

Қорытынды. Зерттеу созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің, әсіресе Алматы облысында, аурушаңдықтың артуы және өлім-жітімнің төмендеуімен сипатталатын жүктемесінің өсіп келе жатқанын көрсетті. Алынған нәтижелер, әсіресе өңірлік денсаулық сақтау деңгейінде, созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау, профилактикалық іс-шараларды күшейту және пациенттерді ұзақ мерзімді басқару қажеттілігін айқындайды.

КЛИНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙ

55
Аңдатпа

Өзектілігі. Созылмалы отадан кейінгі гипопаратиреоз - тиреоидэктомияның өмір бойы ем қабылдауды қажет ететін сирек асқынуы. Тиреотоксикоз, COVID-19 және дигидротахистеролды ұзақ жылдар қолдану аясындағы оның декомпенсациясы жағдайлары әдебиетте бірлі-жарым.

Мақсаты. Грейвс ауруымен науқаста декомпенсацияланған созылмалы отадан кейінгі гипопаратиреоздың клиникалық жағдайын сипаттау және декомпенсация факторларын, диагностика ерекшеліктерін, терапияны түзету тәсілдерін талдау.

Клиникалық жағдай. 58 жастағы науқас 2023 жылы аяқ-қол құрысуы, тахикардия, дірілдеу шағымдарымен түсті. Анамнезде: 1991 жылы Грейвс ауруы бойынша субтотальды тиреоидэктомия, 30 жылдан астам дигидротахистерол қабылдау, 2022 жылы COVID-19 және сол жақты гемипарез. Түскенде: гипокальциемия, гиперфосфатемия, паратиреоидты гормон төмендеген, декомпенсирленген тиреотоксикоз. Альфакальцидол, кальций карбонаты, Тирозол тағайындалды. 15 айдан кейін кальций тұрақталып, эутиреоз қалыптасты.

Қорытынды. Бұл клиникалық жағдай дигидротахистеролды ұзақ уақыт қолданудың қауіптерін, COVID-19-дың кальций-фосфор алмасуының декомпенсациясындағы триггерлік рөлін және науқастарды Д-дәруменінің белсенді метаболиттеріне уақтылы ауыстырудың маңыздылығын көрсетеді.

20
Аңдатпа

Өзектілігі. Соңғы жылдары туберкулезді емес микобактериоздарының өсуі байқалады, оның ішінде өкпе туберкулезімен қатар жүретін жағдайлар да кездеседі. Қос инфекцияны диагностикалау клиникалық-рентгенологиялық көріністердің ұқсастығына байланысты қиындықтар туғызады, ал емдеу қоздырғыштардың әртүрлі дәрілік сезімталдығына байланысты күрделі мәселе болып табылады.

Клиникалық жағдайдың сипаттамасы. 49 жастағы науқас әйелде өкпенің дәріге төзімді туберкулезі қайталанған, созылмалы обструктивті өкпе ауруы және дене салмағының айқын тапшылығы (дене салмағының индексі 15,0) анықталған. GenoType® Mycobacterium CM әдісімен тексеру барысында M. tuberculosis және M. avium complex қос инфекциясы расталды. Науқасқа бедаквилин, линезолид, клофазимин, левофлоксацин, циклосерин және кларитромицин кірген жеке химиотерапия режимі тағайындалды.

Нәтижелері.  Емдеу барысында дәрілік индукцияланған полинейропатия дамып, линезолид пен циклосеринді тоқтатып, дозаларын түзету қажеттілігі туындады.

Қорытынды. Бұл жағдай диагностикалық шектеулерге, химиотерапия режимін таңдаудың күрделілігіне және қос инфекциясы бар науқастарды бағыттау мәселелеріне қарамастан, дәріге төзімді туберкулез бен туберкулезді емес микобактериоз қос инфекциясын резервтегі туберкулезге қарсы препараттар мен макролидтердің комбинациясын қолдану арқылы сәтті емдеудің принципті мүмкіндігін көрсетеді.

18
Аңдатпа

Өзектілігі. Жоғарғы жақтың толық резекциясынан кейінгі ортопедиялық оңалту операциядан кейінгі ауқымды ақауларға, ауыз және мұрын қуыстары арасындағы байланыстың қалыптасуына, сондай-ақ протез-обтуратордың жеткіліксіз бекітілуіне байланысты жақ-бет ортопедиясындағы ең күрделі мәселелердің бірі болып табылады.

Мақсаты. Жоғарғы жақтың толық резекциясынан кейін резекциялық протез-обтуратордың бекітілуін жақсарту тәсілінің клиникалық тиімділігін әзірлеу және бағалау.

Материалдар мен әдістері. Мақалада жоғарғы жақтың толық резекциясынан кейінгі пациенттерді ортопедиялық оңалтудың екі клиникалық жағдайы ұсынылған. Ұсынылған әдіс обтуратордың вестибулярлық бетінде трапеция тәрізді ойық қалыптастырып, оған қосымша ретенциялық элемент ретінде медициналық поролон губкасын немесе стоматологиялық мақта білігін орналастыруға негізделген.

Нәтижелері. Ұсынылған әдісті қолдану протез-обтуратордың сенімді бекітілуін және тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ауыз және мұрын қуыстарының тиімді бөлінуіне, сондай-ақ шайнау, жұтыну және сөйлеу қызметтерінің жақсаруына мүмкіндік берді. Ұсынылған клиникалық жағдайлар әзірленген конструкцияның тәжірибелік тиімділігін көрсетті.

Қорытынды. Ұсынылған әдіс резекциялық протез-обтуратордың ретенциясын арттырудың қарапайым, қолжетімді және тиімді тәсілі болып табылады және жоғарғы жақтың толық резекциясынан кейінгі пациенттерді ортопедиялық оңалтуда қолдануға ұсынылады.

ӘДЕБИ ШОЛУЛАР

35
Аңдатпа

Өзектілігі. Қалалық агломерациялардағы халық саны өсуі денсаулық сақтау қызметіне сұраныс пен оның кадрлық, дәрілік, қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуі арасындағы өлшенетін алшақтықты тудырады. Алматы агломерациясында шамамен 3,5 миллион тұрғын шоғырланған, ал 2030 жылға қарай олардың саны 4,5 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша 2023 жылы дәрігерлер тапшылығы 4 864 толық уақыттық лауазымды құрады, ал қосарлас жұмыс істеу коэффициенті 1,4-ке жетіп, медициналық қызметкерлердің жүйелі шамадан тыс жүктемесін көрсетті.

Мақсат. Қалалық агломерациялардағы денсаулық сақтау ресурстарына деген қажеттілікті болжаудың қазіргі модельдерін, әсіресе машинамен оқыту құралдарын талдау және олардың Алматы агломерациясының жағдайына қолдану мүмкіндігін бағалау.

Материал және әдістер. 2010 жылғы қаңтардан 2026 жылғы наурызға дейінгі кезеңде PubMed, Scopus, Web of Science Core Collection және WHO IRIS дерекқорларында әдебиет іздеу жүргізілді. Шолуға дәлдігін бағалайтын сандық болжамды модельдерді қамтитын түпнұсқа зерттеулер, жүйелі шолулар және WHO/OECD әдістемелік есептері енгізілді (MAE, RMSE, MAPE, AUROC, R²) қалалық агломерациялар немесе урбанизация деңгейі ≥ 50 % аймақтар бойынша дәлдігін бағалайтын сандық болжамды модельдерді қамтитын түпнұсқа зерттеулер, жүйелі шолулар және ДДҰ/ЭЫДҰ әдістемелік есептері қарастырылды. Анықталған 1 286 жазбаның ішінен шолуға 57 басылым енгізілді.

Нәтижелер. Статистикалық модельдер ең көп тараған (40,4 %), одан кейін бақылаумен жүргізілетін машиналық оқыту әдістері (34,0 %) және гибридті модельдер (17,0 %) келді; бақылаусыз машиналық оқыту әдістері тек 4 басылымда (8,5 %) қолданылды. Тек 3 модель (6,4 %) Қазақстандағы деректер негізінде тексерілген және тек адам ресурстары санатын қамтиды. Ешбір модель барлық төрт ресурс санатын бір уақытта қамтымайды. 

Қорытындылар. Осы шолудың методологиялық нәтижелері ұлттық жоспарлау құжаттарына сәйкес кемінде үш ресурс санатын қамтитын және болжау мерзімі 5–10 жылды құрайтын қадағаланбайтын машинамен оқытуға негізделген біріктірілген болжау моделін әзірлеуді негіздейді.

34
Аңдатпа

Кіріспе. Семіздік гепатоцеллюлярлы карциноманың  тәуелсіз қауіп факторы ретінде танылған, ол дүниежүзі бойынша қатерлі ісіктен болатын өлімнің үшінші жетекші себебі болып табылады. Қазақстанда ересек халықтың 20%-дан астамы семіздікпен ауырады және бауыр қатерлі ісігінің таралуы тұрақты өсу үрдісін көрсетеді, бұл аталған байланысқа жедел денсаулық сақтау маңызын береді. Семіздік пен гепатоцеллюлярлы карцинома арасындағы эпидемиологиялық байланыс жақсы дәлелденгеніне қарамастан, семіздіктің ісікке қарсы иммунитетті бұзу және бауырдың микроортасын қалыптастыру механизмдері толық зерттелмеген. Осы шолу созылмалы метаболикалық стресс жағдайында алкогольсіз майлы бауыр ауруыдан ГЦК-ға дейінгі үдерісте туа біткен және адаптивті иммундық жасушалардың қалай өзгеретінін талдайды.

Мақсаты: Семіздік жағдайында бауыр қатерлі ісігінің дамуындағы иммундық және қабыну механизмдерінің рөліне қатысты қазіргі ғылыми деректерді талдау, сондай-ақ метаболикалық бұзылыстардың ісікке қарсы иммундық жауапқа және бауырдың микроортасына әсері туралы мәліметтерді жүйелеу.

Материалдар мен әдістер: Жүйелі әдебиетті іздеуі PubMed, Google Scholar, Scopus және Web of Science халықаралық деректер қорларында 2000 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңдегі халықаралық және отандық басылымдарды қамти отырып жүргізілді.

Нәтижелер мен талқылау: Семіздікпен байланысты гепатоцеллюлярлы карцинома висцеральды май ұлпасы қатерлі өзгеріс пайда болғанға дейін иммуносупрессивті микроортаны қалыптастыратын прогрессивті иммунометаболикалық каскад арқылы дамиды - миелоидтан алынған супрессорлық жасушалар (MDSC) кеңеюі, NK-жасушалардың дисфункциясы және CD8⁺ Т-жасушалардың сарқылуы арқылы. Реттеуші Т-жасушалар (Treg) семіз май ұлпасында азаяды, бірақ ГЦК-да жиналады; алкогольсіз стеатогепатит кезіндегі NK-жасушалардың белсенділігі ісіктен қорғаудың орнына гепатоциттерге зақым келтіреді. Патологиялық нәтижені жасушалардың саны емес, олардың функционалдық поляризация күйі анықтайды.

Қорытынды: Семіздік май ұлпасының созылмалы қабынуы, инсулинрезистенттілік және ісік микроортасының метаболикалық қайта бағдарламалануы арқылы гепатоцеллюлярлы карцинома дамуын жеделдетеді, цитотоксикалық CD8⁺ Т-жасушалары мен NK-жасушаларын сарқып, иммуносупрессивті Treg және MDSC-ның кеңеюіне ықпал етеді. Бауыр қатерлі ісігінің прогрессиясы тек вирустық немесе уытты факторлармен ғана емес, сонымен қатар семіздік туындататын иммундық теңгерімсіздікпен де байланысты, онда жүйелі метаболикалық стресс ісіктің иммундық бақылаудан жасырынуының негізгі факторына айналады.

18
Аңдатпа

Кіріспе. Тау-кен өнеркәсібі ең қауіпті салалардың бірі болып табылады және кәсіби тәуекелдердің жоғары деңгейімен сипатталады. Бұл салаға өндірістік өлім-жітімнің шамамен 8 %-ы тиесілі. Жұмысшылар арасында пневмокониоздың таралуы 3,7 %-ға дейін, ал силикоз – 8 %-ға дейін жетеді. Кейбір өңірлерде «аурулардың үштік жүктемесі» деп аталатын құбылысты қоса алғанда, жоғары коморбидтілік байқалады. Бұл факторлар жұмысшыларға медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесін одан әрі зерттеу мен жетілдіру қажеттілігін айқындайды.

Мақсаты: тау-кен саласының қызметкерлеріне медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи ғылыми деректері мен әлемдік тәжірибесін талдау

Материалдар мен әдістер. 2010-2025 жылдар аралығындағы ғылыми жарияланымдарға талдау жүргізілді, олар тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерінің денсаулық жағдайы, кәсіптік қауіптер және медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелеріне арналған. Әдебиеттерді іздеу PubMed, Scopus, Web of Science және Google Scholar дерекқорларында жүргізілді. Шолуға зерттеу тақырыбына сәйкес келетін орыс және ағылшын тілдеріндегі жарияланымдар енгізілді. Алынған деректер зерттеудің негізгі бағыттары бойынша жүйелендірілді.

Нәтижелер. Жұмысшылар зиянды факторлардың (шаң, шу, діріл, химиялық заттар) кешенді әсеріне ұшырайды, бұл пневмокониоз және силикоз сияқты кәсіби аурулардың дамуына әкеледі. Кейбір өңірлерде «аурулардың үштік жүктемесі» (силикоз, туберкулез, инфекциялық аурулар) байқалады. Сонымен қатар психоэмоционалдық бұзылыстардың жоғары таралуы және ауысымдық жұмыс режимінің жарақаттану қаупіне әсері анықталды. Медициналық көмектің дәстүрлі моделі жеткіліксіз екені көрсетілді және профилактикаға бағытталған тәсілдерге көшу қажеттілігі негізделді.

Қорытынды. Тау-кен өнеркәсібі қызметкерлеріне медициналық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру профилактикаға бағытталған тәсілдерге көшуді, сондай-ақ тәуекелдерді болжау және ауруларды ерте анықтау үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануды талап етеді.

22
Аңдатпа

Кіріспе. Қарттық астения – функционалдық мүмкіндіктердің төмендеуімен және жағымсыз салдардың жоғары қаупімен сипатталатын кең таралған гериатриялық синдром. Зерттеулерге сәйкес, 50 жастан асқан адамдар арасында оның таралуы орта есеппен 17.4 % құрайды, ал предастения 49.3 %-ға дейін жетеді. Қазақстан Республикасында кәрілік астения мәселесі қарт адамдар үлесінің артуына және созылмалы аурулардың жоғары таралуына қарамастан жеткілікті деңгейде зерттелмеген.

Мақсаты: қарт адамдардағы кәрілік астениясы туралы заманауи деректерді талдау.

Материалдар мен әдістер. Қарт адамдардағы кәрілік астениясының таралуы, қауіп факторлары және диагностика әдістері бойынша ғылыми әдебиеттерге талдау жүргізілді. Іздеу PubMed, Scopus, Web of Science және Google Scholar деректер базаларында 2010-2025 жылдар аралығында жүргізілді. Қарт адамдардағы кәрілік астениясына арналған орыс және ағылшын тілдеріндегі мақалалар енгізілді; тақырыпқа сәйкес келмейтін және қайталанатын жарияланымдар алынып тасталды.

Нәтижелер. Қарттық астения – сатылы және динамикалық ағыммен сипатталатын синдром. Оның үш кезеңі бар: қалыпты жағдай, предастения және айқын астения. Синдромның таралуы популяцияға байланысты 10 %-дан 24 %-ға дейін өзгеріп, Азия елдерінде шамамен 20 %-ға жетеді, ал кейбір елдерде 7-8 %-ға дейін төмендейді. Предастения жиі кездеседі және 40-50 %-ға дейін жетуі мүмкін. Ең жоғары таралу мультиморбидтілігі бар адамдарда және табысы төмен және орташа елдерде байқалады. Негізгі қауіп факторларына егде жас, мультиморбидтілік, төмен физикалық белсенділік, жеткіліксіз тамақтану, когнитивтік бұзылыстар және әлеуметтік оқшаулану жатады

Қорытынды. Қарттық астения - қарт адамдардың денсаулығы мен өмір сапасына айтарлықтай әсер ететін кең таралған және клиникалық маңызды синдром. Оның таралуының жоғары өзгермелілігі мен көпфакторлы табиғаты диагностика мен алдын алуға кешенді тәсілді талап етеді.

31
Аңдатпа

Өзектілігі. Метаболизмдік синдром – бұл шын мәнінде, жүрек-қан тамырларының ауыр асқынулары мен диабетке жол ашатын метаболизмдік мәселелердің (семіздік, қан қысымының жоғарылауы және қандағы қант деңгейінің бұзылуы) жиынтығы немесе "нағыз қауіп-қатер үйлесімі". Метаболизмдік синдромның дамуы мен ауырлығына әсер ететін маңызды, бірақ жеткіліксіз зерттелген факторлардың бірі – минералды зат алмасу, соның ішінде кальций, магний және фосфор деңгейлері жатады. Бұл минералдардың теңгерімсіздігі инсулинге сезімталдықты бұзып, қабыну процестерін күшейтіп, липид және көмірсу алмасуына әсер етуі мүмкін.

Мақсаты.Ересек адамдардағы метаболизмдік синдромның клиникалық және метаболикалық көріністерімен минералдық алмасу көрсеткіштерінің (кальций, магний, фосфор, паратиреоидты гормон және D витамині) өзара байланысы туралы қазіргі ғылыми деректерді жинақтап, сыни тұрғыдан бағалау.

Материалдар мен әдістер.Әдебиеттерге құрылымдалған іздеу PubMed, Scopus және Google Scholar дерекқорларында жүргізілді. Шолуға негізінен 2018 жылғы қаңтар мен 2026 жылғы наурыз аралығында жарияланған ғылыми жарияланымдар енгізілді. Минералдық алмасудың физиологиялық механизмдерін түсіндіру және зерттеудің теориялық негізін қалыптастыру мақсатында қажет болған жағдайда бұдан бұрын жарияланған іргелі еңбектер де пайдаланылды.

Нәтижелері. Әдебиеттерді талдау минералдық алмасу бұзылыстарының метаболизмдік синдромның дамуы және оның клиникалық-метаболикалық көріністерімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Ең сенімді деректер магний тапшылығына, сондай-ақ кальций, фосфор, паратиреоидты гормон және D витамині алмасуының бұзылыстарына қатысты алынды, олар инсулинге төзімділікпен және басқа да метаболикалық бұзылыстармен байланысты болды.

Қорытынды. Әдеби шолу минералды зат алмасу бұзылыстары, соның ішінде сарысудағы кальций, магний және фосфор деңгейлерінің метаболизмдік синдромның клиникалық және метаболизмдік көріністермен тығыз байланысты екенін растайды.

28
Аңдатпа

Кіріспе. Бұл шолу мақаласында аденоидты гипертрофияның, оның ішінде аденотомиядан кейінгі рецидивтердің дамуындағы миофункционалды бұзылулар мен тіс-жақ аномалияларының рөлі қарастырылады. Мәселенің өзектілігі сандық деректермен расталады: жүйелі шолу нәтижелері бойынша тіс-жақ аномалияларының әлемдік таралуы 56 %-ды құрайды, ал мұндай аномалиялар ауыз қуысы денсаулығына байланысты өмір сапасының төмендеуімен байланысты болды (RR/PR = 1.15; 95 % CI: 1.12–1.18; 3672 қатысушы). Балалар арасында жүргізілген зерттеулерде 8-10 жастағы балалардың 49,1 %-ында тіс-жақ аномалиялары анықталған, ал ауыз арқылы тыныс алу трансверсальды тістем аномалияларымен статистикалық тұрғыдан маңызды байланыста болған (PR = 6,15; 95 % СИ: 2,96–12,80).

Мақсаты. Жұтқыншақ бадамша безі гипертрофиясының дамуындағы миофункционалды бұзылулар мен тіс-жақ аномалияларының рөлі туралы әдеби дереккөздерді талдау.

Материалдар және әдістер: Google Scholar, Scopus, Web of Science, PubMed және eLIBRARY ғылыми дерекқорларындағы 2019-2024 жылдар аралығындағы жарияланымдарға аналитикалық шолу жүргізілді. Аталған мерзімнен тыс негізгі классикалық дереккөздер де енгізілді. Алдын ала белгіленген іріктеу критерийлеріне сәйкес келген 92 жарияланым қорытынды шолуға енгізілді.

Нәтижелері және талқылау. Талданған деректер аденоидты гипертрофия, мұрынмен тыныс алудың бұзылуы, ауыз арқылы тыныс алу, миофункционалды бұзылулар және тіс-жақ аномалиялары өзара тығыз байланысты екенін көрсетеді. Жұтқыншақ бадамша безінің гипертрофиясы 6 жастағы балаларда жиі кездесетін ЛОР ауруларының бірі болып табылады; жиі ауыратын балаларда ол 70-90 % жағдайда анықталады. Аденоидты гипертрофиямен байланысты ауыз арқылы немесе аралас тыныс алу артикуляциялық бұзылыстармен қатар жүруі мүмкін: тыныс алу бұзылыстары бар балалардың 81.7 %-ында сөйлеу кемшіліктері сипатталған. Қайталама операция салыстырмалы түрде сирек кездескенімен, ірі ретроспективті зерттеуде ревизиялық аденоидэктомия жиілігі 0.55 % құрады, ал ревизиялық жағдайлардың 21 %-ы аденоид тінінің шынайы қайта өсуінен емес, түтікше бадамша безінің гиперплазиясымен байланысты болды.

Қорытындылар. Әдеби деректерді талдау аденотомиядан кейінгі рецидивтердің алдын алу клиникалық тұрғыдан маңызды екенін және операциядан кейінгі кезеңді жүргізуде пәнаралық кешенді тәсілді қажет ететінін көрсетеді. Мұндай тәсіл оториноларингологиялық бақылауды, ерте ортодонтиялық бағалауды, тұрақты ауыз арқылы тыныс алуды және тіс-жақ аномалияларын түзетуді, сондай-ақ көрсетілімдер болған жағдайда миофункционалды немесе логопедиялық терапияны қамтуы тиіс.



ISSN 2790-1289 (Print)
ISSN 2790-1297 (Online)