БІРТУМА ЗЕРТТЕУЛЕР
Ұйқы безінде майдың жиналуы жас ұлғаюымен, семіздікпен және метаболикалық бұзылыстармен байланысты. Өзара түзетуден кейін жекелеген метаболикалық және қабыну көрсеткіштерінің үлесі анық емес.
Зерттеудің мақсаты: метаболикалық қауіп факторлары бар ересектерде ұйқы безінің есептік жартылай сандық МРТ-май индексінің клиникалық-антропометриялық, метаболикалық және қабыну көрсеткіштерімен байланысын бағалау.
Материалдар мен әдістер: Астанада 2025 жылғы 25 қазаннан 2026 жылғы 30 сәуірге дейін тексерілген 30–60 жастағы 150 ересектің проспективті жиналған деректеріне көлденең талдау жүргізілді. МРТ-май индексі екі жаңғырықты химиялық ығысу кескіндері бойынша есептелді; ол стандартталған MRI-PDFF-ке тең емес. Краскел–Уоллис критерийі, Спирмен корреляциясы, көппараметрлі гамма-регрессия және сезімталдық талдаулары қолданылды. Көптік салыстырулар Бенджамини–Хохберг әдісімен түзетілді.
Нәтижелері: индекстің медианасы 5,70 [2,60–9,83] % болды. Ең айқын оң корреляциялар жаспен (ρ=0,445), ДСИ-мен (ρ=0,426), HbA1c (ρ=0,400), HOMA-IR (ρ=0,385), интерлейкин-6 (ρ=0,368) және инсулинмен (ρ=0,354) анықталды; ЖТЛП-мен байланыс кері болды (ρ=−0,240). Толық гамма-модельде тек жаспен байланыс статистикалық мәнді болып қалды: бір стандартты ауытқуға шаққандағы орташа мәндер қатынасы 1,510 (95 % СА 1,254–1,818; p<0,001). Жыныспен, ДСИ-мен және интерлейкин-6-мен байланыстар тек қосымша сызықтық модельде статистикалық мәнді болды.
Қорытынды: түзетілмеген талдауда МРТ-май индексі бірқатар антропометриялық, метаболикалық және қабыну көрсеткіштерімен байланысты болды. Өзара түзетуден кейін жаспен байланыс ең тұрақты болды. Индекстің жартылай сандық сипаты және басқа байланыстардың модельге тәуелділігі нәтижелердің клиникалық түсіндірілуін шектейді.
Кіріспе. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мектеп медбикелері жұмыс уақытының 36 %-ын балалармен тікелей жұмысқа, 64 %-ын өзге міндеттерге жұмсайды. Әкімшілік жұмыстардың үлесі − 22,1 %, ал балалар мен ата-аналарға арналған профилактикалық жұмыстардың үлесі − небәрі 2,8 %. Мамандардың тек 72 %-ы тұрақты жұмыс істейтіндіктен, жүктемені нормалау тәсілдерін қайта қарау қажет. Қазақстанның ауылдық мектептеріндегі медбикелер жүктемесінің құрылымы жеткіліксіз зерттелген, сондықтан жұмыс уақытын пайдалануды жан-жақты талдау маңызды.
Мақсаты: ауылдық мектептердегі мектеп мейіргерлерінің жұмыс уақытының құрылымы мен негізгі қызмет түрлерінің арақатынасын бағалау.
Материалдар мен әдістер. 9 ауылдық мектептегі 14 медбикенің жұмыс қызметіне жүргізілген хронометраждық бақылау деректеріне қайталама статистикалық талдау жүргізілді. Әрбір медбике бойынша 10 бақылау күні талданып, барлығы 140 «медбике-күн» бақылауы және жалпы ұзақтығы 76 389 минутты құрайтын 14 112 дәйекті жазба қамтылды. Әртүрлі қызмет түрлеріне жұмсалған жұмыс уақытының үлесі интервал ұзақтығын салмақ ретінде пайдалану арқылы есептелді. Айырмашылықтар мен белгісіздікті бағалау үшін кластерлік bootstrap әдісі, permutation test, Спирменнің корреляция коэффициенті және қайталама бақылауларды ескеретін mixed-effects модельдері қолданылды. Статистикалық талдау R 4.5.2 бағдарламасында жүргізілді.
Нәтижелер. Бақыланған жұмыс күнінің медианалық ұзақтығы 540 [540-595] минутты құрады. Уақыттың ең үлкен үлесі қағаз түріндегі әкімшілік жұмысқа (32,3 %) жұмсалды, одан кейін жеке үзілістер (19,5 %), клиникалық жұмыс (11,6 %) және ақпараттық жүйелердегі жұмыс (10,2 %) болды. Мектептер арасында әкімшілік қызметтің үлесі 32,2 %-дан 62,3 %-ға дейін, ал клиникалық-профилактикалық қызметтің үлесі 9,5 %-дан 32,9 %-ға дейін өзгерді. Параллель жұмыс интервалдардың 27,7 %-ында тіркелді, ал қызмет түрлері арасындағы ауысудың медианалық жиілігі сағатына 2,93 рет болды.
Қорытынды. Кең анықтама бойынша әкімшілік жүктеме мектеп мейіргерлерінің жұмыс уақытының 47,75%-ын құрады, балалармен тікелей байланыс үлесінің медианасы 14,9% [5,9–26,7] болды, ал клиникалық-профилактикалық қызмет жалпы уақыттың шамамен бестен бірін құрады. Бір және екі медбикесі бар мектептер арасында статистикалық тұрғыдан маңызды айырмашылықтар анықталған жоқ. Кадрлық қамтамасыз етуді жоспарлау кезінде оқушылар санымен қатар, міндеттердің құрылымы мен әкімшілік жүктемені де ескеру қажет.
Өзектілігі. Генетикалық факторлар ұйқы безі ауруларына жеке бейімділіктің қалыптасуында маңызды рөл атқарады. SPINK1, PRSS1 және CFTR гендерінің нұсқалары панкреатиттің әртүрлі түрлерімен байланысты, ал BRCA1 және BRCA2 гендері негізінен тұқым қуалайтын онкологиялық бейімділік тұрғысынан маңызды. Клиникалық тәжірибеде молекулалық-генетикалық тестілеу нәтижелерін зерттеу анықталатын генетикалық өзгерістердің спектрін бағалауға және кейінгі клиникалық-генетикалық зерттеулердің бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің мақсаты. Бірегей пациенттер деңгейіндегі және орындалған генетикалық зерттеулер деңгейіндегі деректерді бөлек талдай отырып, пилоттық клиникалық серияда SPINK1, PRSS1, CFTR, BRCA1 және BRCA2 гендерін молекулалық-генетикалық тестілеу нәтижелерінің спектрі мен жиілігін сипаттау.
Материалдар мен әдістер. 2021-2022 жылдары Алматы қаласындағы «Медцентр - Рахат» ЖШС-де тексерілген пациенттердің деректері негізінде пилоттық ретроспективті сипаттамалық зерттеу жүргізілді. Талдауға 14 бірегей пациент және 16 молекулалық-генетикалық зерттеу нәтижесі енгізілді: SPINK1–5, PRSS1–2,CFTR–5, BRCA1/BRCA2–4. Талдау пациенттер деңгейінде және жеке зерттеулер деңгейінде бөлек жүргізілді. Санаттық көрсеткіштер n (%) түрінде берілді. Үлестер үшін Клоппер–Пирсон әдісімен екіжақты дәл 95 % сенімділік интервалдары есептелді. Статистикалық өңдеу R 4.5.2 бағдарламасында жүргізілді.
Нәтижелер. Бастапқы зертханалық қорытындыларда панкреатитке жоғары бейімділікпен байланысты деп интерпретацияланған генетикалық өзгерістер 14 пациенттің 2-еуінде анықталды (14,3 %; 95 % СИ 1,8–42,8 %). Екі жағдайда да SPINK1 p.Asn34Ser (N34S) гетерозиготалы нұсқасы тіркелді. SPINK1 бойынша жүргізілген бес зерттеудің 2-еуінде аталған нұсқа анықталды (40,0 %; 95 % СИ 5,3–85,3 %). PRSS1, CFTR және BRCA1/BRCA2 зерттеулерінде бастапқы зертханалық қорытындыларға сәйкес басқа қауіппен байланысты генетикалық өзгерістер тіркелген жоқ.
Қорытынды. Зерттелген пилоттық серияда қауіппен байланысты жалғыз генетикалық өзгеріс SPINK1 p.Asn34Ser гетерозиготалы нұсқасы болды. Іріктеменің шағын көлемі және генетикалық тестілеудің біркелкі болмауы нәтижелерді жалпылау мүмкіндігін шектейді және іріктеме көлемі үлкен, стандартталған генетикалық тестілеуді және генотип–фенотип өзара байланыстарын бағалауды қамтитын кейінгі зерттеулер жүргізу қажеттігін негіздейді.
ӘДЕБИ ШОЛУЛАР
Өзектілігі: COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау жүйелерінің ұйымдастырушылық осал тұстарын анықтап, кадрлармен қамтамасыз етудің тұрақтылығын, ауруханалардың жұмысын, жеткізу тізбектерін және жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бұзды. Персоналдың тұрақтылығы, ауруханалардың резервтік қуаттары, жеткізу тізбектерінің сенімділігі және басқару саласындағы сабақтар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің болашақ пандемияларға және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басқа да төтенше жағдайларға дайындығын нығайту үшін маңызды.
Мақсаты: COVID-19 пандемиясының ұйымдастырушылық салдарлары туралы деректерді қорытындылау, шұғыл бейімделу шараларын сақталып қалған мәселелерден ажырату және дайындық жөніндегі халықаралық тәжірибенің Қазақстанға қолданылуын қарастыру.
Материалдар мен әдістер: Нарративтік шолу жүргізілді. PubMed/MEDLINE, Web of Science және Google Scholar платформаларында 2020 жылғы қаңтардан 2026 жылғы шілдеге дейін алғаш жарияланған жұмыстар ізделді; соңғы іздеу 2026 жылғы 26 тамызда орындалды. Іздеу әдебиеттер тізімдері, нысаналы іздеу және ұйымдардың есептері арқылы толықтырылды. Шолуда үш конференция тезисін қамтитын 90 жарияланым және қосымша бес институционалдық есеп пайдаланылды. Деректер тақырыптық бағыттар бойынша қорытындыланды.
Нәтижелер: Мета-талдауда медицина қызметкерлері арасындағы кәсіби күйіп қалудың таралуы 52 % (95 % сенімділік аралығы 40–63 %) деп бағаланды. Күйіп қалу жұмыстан кету ниетімен байланысты болды, ал нақты кету негізінен ұлттық зерттеулерде сипатталды. Жаһандық модель 2020 жылғы ең ауыр кезеңнің 12 аптасында 28,4 миллион жоспарлы операцияның тоқтатылуы немесе кейінге шегерілуі мүмкін екенін болжады. Жеткізу тізбектері туралы зерттеулерде өндірістің географиялық шоғырлануы, резервтік қорлардың жеткіліксіздігі және жеткізу тізбектері туралы білімнің шектеулілігі тапшылыққа ықпал етуі мүмкін факторлар ретінде қарастырылды. Бейімделу шараларына персоналды қайта бөлу, төсек қорын қайта бейіндеу, жабдықтауды орталықтандырылған үйлестіру және телемедицина кірді, алайда олардың ұзақ мерзімді тұрақтылығы жөніндегі деректер шектеулі болды.
Қорытынды: Деректер персоналды қорғауды, резервтік қуаттарды жоспарлауды, жеткізу тізбектерін әртараптандыруды және ден қою тәжірибесінен институционалдық сабақ алуды денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысына енгізу мүмкіндігін қарастыруды қолдайды. Жекелеген шаралардың салыстырмалы тиімділігі мен ұзақ мерзімді тұрақтылығы жеткілікті анықталмаған. Қазақстан бойынша деректер шектеулі, сондықтан ұсынылған шаралар жергілікті бағалауды қажет етеді.
Биік таулы аймақтардағы еңбек қызметі гипобариялық гипоксияның созылмалы әсеріне байланысты күрделі физиологиялық сынақтар мен денсаулыққа қауіп төндіреді. 2500 метрден жоғары биіктікте ұзақ уақыт немесе кезеңдік болу жедел таулық аурудың, ұйқы мен когнитивтік бұзылыстардың, жүрек-қантамыр жүйесіне жүктеменің, сондай-ақ созылмалы таулық ауру мен өкпелік гипертензия сияқты ұзақ мерзімді асқынулардың даму қаупін арттырады. Физиологиялық қауіптердің ұқсастығына қарамастан, нормативтік-құқықтық актілер әр елде әркелкі және көбінесе заманауи ғылыми деректерден артта қалып отыр. Мұндай айырмашылықтар жұмысшыларды қорғауда олқылықтарға әкеледі, трансшекаралық қызметті қиындатады және мониторинг жүргізуге кедергі жасайды.
Зерттеудің мақсаты. Ресей, Қазақстан және Қырғызстанның биік таулы аймақтарда еңбек ететін жұмысшыларға медициналық тексерулерді реттейтін нормативтік-құқықтық актілерін салыстырмалы талдау және олардың халықаралық нұсқаулар мен қазіргі ғылыми деректерге сәйкестігін бағалау.
Материалдар мен әдістер. Бұл салыстырмалы талдау ұлттық және халықаралық нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ биік таулы аймақтардағы гипобариялық гипоксия жағдайында еңбекке қатысты ғылыми әдебиеттер мен клиникалық нұсқауларды жан-жақты шолу арқылы жүргізілді.
Нәтижелер. Талдау барысында нормативтік-құқықтық актілердегі ресми қарсы көрсетілімдер тізімі мен гипобариялық гипоксия жағдайында еңбек етуге қатысты заманауи дәлелді деректер арасында айырмашылықтар анықталды. Ресей гипобариялық гипоксияны зиянды фактор ретінде нақты атап өтеді, бірақ тек жалпы қарсы көрсетілімдер береді. Қазақстан гипобәрияны мүлде қамтымайды, ал Қырғызстан атмосфералық қысымның төмендеуін мойындайды, бірақ геморрой мен жарық сияқты нақты дәлелсіз қарсы көрсетілімдерді енгізеді. Халықаралық ғылыми деректер жүрек-қантамырлық, тыныс алу, гематологиялық, неврологиялық және офтальмологиялық қауіптердің маңыздылығын көрсетеді, ал геморрой сияқты жағдайлардың ғылыми негізделген дәлелі жоқ.
Қорытынды. Нормативтік-құқықтық актілерді жаңарту мақсатқа сай болып табылады: гипобарияны жеке фактор ретінде бөліп көрсету және қарсы көрсетілімдерді халықаралық клиникалық нұсқауларға сүйене отырып нақтылау қажет. Халықаралық клиникалық нұсқаулармен (WMS, ESC, BTS) үйлестіру қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және артық шектеулер мен жеткіліксіз қорғаныстан сақтануға мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы әдеби деректерді талдау соңғы жылдары бүкіл әлемде аутистикалық спектрдің бұзылыстарынан зардап шегетін балалар санының айтарлықтай өскенін көрсетеді. Бұл үрдіс психикалық денсаулық саласындағы мамандардың алаңдаушылығын тудырып, осы бұзылыстардың этиологиясы мен патогенезін одан әрі зерттеу қажеттілігін айқындайды. Бүгінгі күнге дейін осы психикалық даму бұзылыстарының диагностикалық критерийлері бойынша мәселелер даулы болып қалып отыр және ғалымдар мен практик-мамандар арасында пікірталастар туғызуда. Осы мақалада ұсынылған аналитикалық әдеби шолу аталған бұзылыстардың клиникалық критерийлерінің қалыптасуындағы тарихи кезеңдерді қадағалауға мүмкіндік береді, бұл осы санаттағы адамдарға көмек көрсету шараларын әзірлеудің негізін құрайды. Аутистикалық спектрдің бұзылыстары туралы тарихи жинақталған білім осы саладағы диагностика мен терапияны жетілдіруге ықпал ететін әрі қарайғы зерттеулердің негізі бола алады.
ISSN 2790-1297 (Online)